Шымкенттегі Адырбеков көшесіндегі қайта құру – көлік кептелісінің алдын алудың алғышарты болатын. Аталған көшенің Алдияров пен Рысқұлов көшелерінің қиылысына дейінгі аралықты алып жатқан құрылысты барлауға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы барды. Үшінші мегаполисте қарқын алған қайта жөндеудің сапасы мен санын бақылап, танысуды жөн көрген қаламыздың жаңа мэрі үшін бұл жұмыстар таңсық болмауы тиіс. Шымкенттіміздің ертеңгі келбеті бүгінгі әкімнің тікелей қадағалауы арқылы жүзеге асады. Бүгінде Адырбековтегі құрылыс жұмыстарының 82 пайызы аяқталыпты. Жыл соңына дейін бұл тірлікті тапсыруы тиіс мердігерлер Сыздықбековтің тапсырмасын тағы арқалады.
Сәулелік жұртқа саябақ. Аталған аудан тұрғындары үшін жыл соңына дейін демалыс алаңы пайдалануға берілмек. Жергілікті халық игі істі үш жыл күтіпті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа демалыс алаңының құрылысымен танысу үшін мұнда да арнайы барды. Қазір 2,5 гектарды алып жатқан саябақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. 900 шаршы метрге асфальт жабындылары төселіп, 8 мыңнан аса шаршы метрге түрлі өрнектастар орнатылған. Сондай-ақ, жасанды газондар саябақты әдемі реңке көмкеріп тұр. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, шағынауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жоспарға сәйкес атқарылуда екен. Лауазымындағы үшінші жұмыс аптасына белсене кіріскен Сыздықбеков жауаптыларға құрылыс жұмыстарын талаптарға, өндірістік кестеге сай атқарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда нақты тапсырмалар жүктеді.