Шымкентте тәулігіне 50 мың текше метр су өңдейтін жаңа кәріз тазалау ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімі аталған нысанға барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
«Жасыл қала» бағдарламасы аясында қолға алынған кәріз тазарту ғимараты құрылысының жобалық құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Жобаны Еуропалық Даму және қайта құру банкі жартылай қаржыландырады. Ал мемлекеттік қолдау — 1,75 млрд теңге. Кешенді жаңа технологиялық нысанның құрылысы екі жыл қатарынан жүргізіледі. Жалпы бүгінде қалада тәулігіне қуаттылығы 150 мың текше метр су өңдейтін тазарту ғимараты жұмыс істеп тұр. Бұл қуаттылық халқы жыл сайын артып жатқан үшінші мегаполиске аздық етеді. Сонымен қатар, көктем мен күз айларында кәріз тазарту ғимаратына тәулігіне 160—170 мың текше метр қар мен жаңбырдан қалған ағынды су қосылады.