Кез-келген аумақтың жайлы ортада өмір сүруі үшін ең алдымен инфрақұрылым мәселесі толығымен шешілуі тиіс. Яғни, ең алдымен жол, су, жарық, газ және мүмкіндігінше кәріз жүйесі. Ал телефонмен және ғаламтормен қамтамасыз етіліп жатса одан да тұрғындардың жағдайы жақсарды деген сөз. Шымкент қаласында бұл жұмыстар жүйелі де жоспарлы түрде қолға алынған. Иә, мегаполистің аумағы кеңейген соң инфрақұрлым мәселесі өзектіге айналғаны айтпаса да түсінікті. Себебі, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шымкентке іргелес жатқан аудандардың көп ауылдары еніп, бос жатқан учаскелер жеке секторлы үйжайлар салу үшін халыққа берілді. Міне, есесіне инрақұрылыммен қамту жұмыстары да еселенді. Дегенмен, жұмыстың дұрыс жолға қойылуының арқасында тұрғын алабтар мен елді мекендер біртіндеп су, жарық, көгілдір отын мен жолға жари бастады.Сондай-ақ, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жұмыстар мен тұрғындардың талап тілектерін ескерген қала басшысы Мұрат Әйтенов тиісті басқармаға инженерлік жүйелермен қамтылмаған шағынаудандардағы өзекті мәселелерді шешуде нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жеке инвестиция есебінен 6 нысанға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Соның ішінде, 4 нысанның, атап айтқанда, Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарық шағынаудандарындағы Жаңақұрылыста жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, сараптама қорытындылары алынды. Қалған 2 нысанның яғни, Ақжайық, Таскен шағынауданындағы Жаңақұрылыста жобалау-сметалық құжаттамасы осы жылы аяқтау жоспарланған.
Құрылыс жұмыстары қолға алынса, Айқап және Ақжайық шағынаудандарына кәріз жүйесі тартылады. Ынтымақ-2, Асар-2. Бозарық (жаңақұрылыс), Таскен (жаңақұрылыс) шағынаудандарында ауыз су, газ, жарық, кәріз жүйесінің мәселесі шешімін табады.
Жалпы қаланың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Бүгінде атқарылып жатқан жол құрылыстары аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Қазір кешенді іс шара аясында Еңбекші ауданына қарасты Елтай тұрғын алабындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Еліксай, Саяқ (Жаңару), Нұрлысай, Қаратас, Ақмоншақ, Нұрсая, Балауса көшелеріне асфальтбетон жабындысының бірінші қабаты төселуде. Орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, Елтай тұрғын алабының жолдары 100% пайызға асфальт болады.
Бүгінде жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында жолдарды жөндеу, асфальттау және шағал тас төсеу мәселесі жиі көтерілген еді.
Жоспарға сәйкес осы орайда «Тұран» шағынауданында 50 000 м3 шағал тас төсеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта кете бойынша 35 000 м3 шағалтас төсеу толық орындалып, 15 000 м3 шағал тас төсеу жұмыстары әлі де жүргізілуде.
Шағын ауданда 40-тан астам көше орналасқан. Оның 20-дан астам көшесі асфальтталса, 10-ға жуық көшесіне шағал тас төсеу жоспарланған.
Жалпы Қаратау ауданы аумағында биылғы жылы 41 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары атқарылмақ.
Аталған жұмыстар «Бозарық» саяжайында 7 көшеге, «Шапағат» шағын ауданында Бике қоңыр, Желдіқара, Мирас көшелері, «Тассай» тұрғын алабында Көкбөрі, Шолпан, Көкпекті, Көкпар, Кеңтарал (жалғасы), Еділ қаған, Мөде қаған және атауы жоқ 7 көшеге, «Тұран» шағынауданындағы №26 көшеге, Ойқараған, Шырайлы, Нарсай, Найзакескен, Дәуір және атауы жоқ 11 көшеге жүргізілетін болады.
Бұдан бөлек халық саны күннен күнге артып отырған мегаполиске ирригация жұмыстары да өте өзекті. Сондықтан да су жиналу қауіпі бар аймақтар зерттеліп зерделенді.
Өткен атада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды.
Үкімет басшысы биылғы көктем оңай болмағанын, сондықтан су басу қаупінің алдын алу үшін екі апта ішінде халықты су тасқынынан қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды және тасқынға дайындық барысын бақылау қажеттігін атап өтті.
Шымкент қаласына келсек, 2023 жылдың көктем айларындағы жауын-шашын мезгілінде жалпы қала аумағынан су жиналу қаупі бар 58 орын анықталып, қазір 24 орынға ирригациялық арықтар орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қала аумағынан ағып өтетін жалпы ұзындығы 339 шақырымды құрайтын 2 өзен мен 34 каналдың жай-күйіне зерделеу жүргізіліп, арналар қоқыстан тазартылуда.
Алдағы уақытта қалған су басу қаупі бар көшелер мен аумақтар да арнайы техникалармен жабдықталып, тұрғындардың қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау жалғасатын болады.
Сондай-ақ, «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл жобалық сметалық құжат әзірленіп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары атқарылады деп күтілуде.
«2021-2023 жылдардағы су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы бойынша қала аумағындағы су шаю қаупі бар 6 елді мекен: Жыланбұзған, Маятас, Тоғыс, Қызылжар, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабынан ағып өтетін «Бадам» өзенінің арнасын бекіту және нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.