Жұмабек Тәшеновтей біртуар тұлғаның есімін иеленген мегаполистегі білім ордасы алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Ширек ғасырлық тарихы бар университетке оңтүстіктегі қара шаңырақтың бірі ОҚМПУ-нің ректоры барып, тамырын кеңге жайып жатқан оқу ордасына сәттілік тіледі.
1998 жылы Жетісай қаласынан ашылған «Сырдария» университеті бір жыл бұрын тарихи тұлға Тәшеновтің есімін алып, мегаполис төрінен өз орнын алған еді. Бүгінде 34 бакалавриат, 6 магистратура бағдарламасы бойынша мамандар даярлауда. Білімнің биігінде болса да үлкенге құрмет, кішіге ізет деген аталы сөзге құлақ асатын қазақ халқына тән мінезбен 85 жылдық тарихы бар ОҚМПУ-нің ректоры Тәшенов атындағы білім ордасына құтты болсын айтып, екі оқу орны өзара тәжірибе алмасты.
Университет Израиль, Греция, Бельгия, Ұлыбритания секілді жоғары оқу орындарымен қос дипломды бағдарламаны қарастырған. Кездесу барысында қонақтарға оқу ордасының алдағы жоспары таныстырылды. Педагогика мен техникалық бағытқа басымдық берген университет алдағы бес жылдықта жаңа орыннан барлығы бір жерде орналасқан университет кешенін құруды жоспарлап отыр. Тарихы бар, жолын қалыптастырған жеке жоғары оқу орны осылайша уақыттың талабына сай болып, білім алушылардың қарым-қабілетін дамыту үшін жаңа деңгейге көтерілмек.