Түркістан облысының “Құрметті азаматы”, “Домалақ Ана” қорының президенті Алтынбек Төлепбеков өмірден озды. Суыт хабарды жақындары жеткізді.
Алтынбек Дүйсенбекұлы Төлепбеков 1950 жылы Түлкібас ауданындағы «Машат» разъезінде дүниеге келген. Еңбек жолын еліміз егемендік алғаннан кейін кәсіпкерліктен бастады, бизнесті алғашқы бастаған қарлығаштардың бірі.
1996-1997 жылдары Алтынбек Дүйсенбекұлы Төлепбеков өз қаражатына Қаратаудың Қостұра маңындағы Домалақ ана кесенесі, сонымен қатар сол жылдары облысымыздағы көптеген кесенелер қайта қалпына келтіріліп жаңадан тұрғызылды.
Бәйдібек баба кесенесіне, Ташкенттегі Төле би кесенесіне, Шашты әзіз баба кесенесіне, Қара бура кесенесіне қаржылай демеушілік жасап, бабалар әруағын қастерлеудің үлкен үлгісін көрсетті.

Қазіргі кезде «Домалақ ана» қорының төрағасы. Алтынбек Дүйсенбекұлының бастамасымен «Домалақ ана» қоры облыс көлеміндегі аз қамтамасыз етілген отбасыларына, кемтарларға, соғыс және еңбек ардагерлеріне, жетім балалар үйіне, мектептерге қамқорлық жасап келе жатыр.
М.Әуезов атындағы мектептің спорт залы құрылысына, Даубабадағы жаңадан салынған мектепке, Жиынбайдағы мектептің спорт залына үлкен демеушілік көмек көрсетіп, Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» сынды білім ұяларында жыл сайын түрлі спорттық жарыстар мен турнирлер ұйымдастырады.
2003 жылы Бәйдібек ауданында өткен қайырымдылық акциясына, Састөбедегі мектеп-интернатына, «Машат» ауылдық округіне қарасты «Еңбек» ұжымына қаржылай көмек көрсетіп, ұжымды тығырықтан алып шықты.










