Адам жанының арашасы — дәрігерлер. Ал, мемлекеттің басты байлығы — оның халқы. Сондықтан да, денсаулықты дамыту ісіне еліміз көп көңіл бөлуде. Шымкенттік тұрғындардың саулығын қамтамасыз ету мақсатында 15256 маман жұмыс жасайды. Әлемді дүр сілкіндірген корона індетінде жаны қиналғанның жанынан табылып, қаламыздың дәрігерлері өз біліктілігін танытқан еді. Ал бүгінгі шарада барша дәрігерлер мен ардагерлер бас қосып, салтанатты жиынның куәсі болды.
Күні-түні тұрғындардың саулығын қамтамасыз ететін мамандардың жеткен жетістіктері мол. 2023 жылдың соңғы 4 ай қорытындысы бойынша мегаполисте өлім көрсеткіші 8,3%-ға, нәресте өлімі — 26,9 %-ға төмендеген. Ал ағымдағы жылы қаламызда ешқандай ана өлімі тіркелмеген. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында антына адал ақ халаттылардың еңбегі ескеріліп, денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен марапатталды.










