Кәсіп бастаймын деген шымкенттік арулар үшін жаңа жоба бар. «Мен кәсіпкер» деп аталатын бағдарлама ағымдағы жылы 700-ге жуық әйелді жетістікке жеткізбек. Өзінің қызығушылығы мен ынтасына қарай нақты саланы таңдаған жандар екі бағыт бойынша білім алып, кәсіп иесі атанады.
Шымкентте «Мен кәсіпкер» жобасымен оқимын деген азаматтарды қабылдау басталды. Бұл туралы Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова баспасөз брифингінде мәлімдеді. Жоба – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы және кәсіпке бағыт шеңберінде іске асырылады. Оқу барысы 7 бөліктен тұрады.
Ал кәсіпке бағыт бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін оқыту көзделген. Кәсіп иесі атанғысы келген жандар таңдау саласына қарай шаруашылық немесе аспаздық секілді арнайы орындарда үйренеді. 18 жастан асқан әйел азаматтар өтінім беру арқылы жобаға қатыса алады.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 2022 жылы пилоттық жоба енгізілген болатын. Ол жоба өз тиімділігін көрсетіп, нәзік жандыларға 411 қызмет түрі көрсетілген. Ал, бір жылдан аса жеке кәсіпкер болып тіркелген аруларға арнайы мамандар арқылы тәлімгерлік қызмет көрсетіледі. Қазір мұндай 17 кәсіпкер әйел нақтыланған. Сондай-ақ, тек қыз-келіншектер қатыса алатын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бар. Оның басты шарты – шикізат жергілікті өнім болуы керек. Осыған дейін Батыс, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай өңірінде пилоттық жоба ретінде қаралған бағдарламаны осы жылдан бастап барлық аймақ қолданып көрмек.