ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Шымкент қаласына іссапармен келді. Министр алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қала тұрғындары және бизнес қауымдастықпен кездесті. Серік Мақашұлы бұған дейінгі кездесулерде көтерілген өзекті мәселелердің шешімін тапқанына жан-жақты тоқталып, кәсіпкерлердің сауалдарына жауап берді.
Үкіметтің қолдауымен қалада соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісі дамып, ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар жүзеге асырылуда. Қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев басты мақсат халықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үлесін арттыру екенін атап өтті. Биыл ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын кәсіпкерлер және қосалқы шаруашылықтар жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етіледі.
Жиында жергілікті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз сауалдарын қойды. Атап айтқанда, «Бал текстиль» ЖШС құрылтайшысы Талғат Исхақов, «Бәйтерек агро» ЖШС директоры Тахирбек Нышанбаев, «Gramad Retail» ЖШС өкілі Аман Қошқаров, «Отан агро» ЖШС өкілі Берік Сәбитұлы саладағы бірқатар мәселелерді қозғады.
Жиында көтерілген мәселелер хаттамалық тапсырма ретінде бекітіліп, тиісті мекемелерге жолданды.














