Шымкентте 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, «Ардақтайық, аялайық Ананы» атты ақ жаулықтыларға арналған сайыс өтті. Салт-дәстүрді дәріптейтін бәйгеге шаһардағы 5 ауданның жеңімпаздары қатысты. Доданың 4 кезеңі бойынша аналар қолөнер, ас дайындау сынды тапсырмаларды орындап шықты. Бүгінгі сайыста 60 жасқа жақындаған әжелер қауымы бақ сынайтын болады.
Салтанатты кеш қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың құттықтау сөзімен бастау алды.Төрт кезеңнен тұратын сайыстың алғашқы таныстыру бөлімінде қатысушылар отбасы туралы баяндап, бірі қара сөз, бірі көркем сөз арқылы жеткізсе, енді бірі әнге арқау етіп, бірі монологпен тебірене айтып берді. Ал, екіншісі салт-дәстүрден сыр шертетін қолөнер бұйымдары мен ұмытылып бара жатқан дәстүрлер, отбасындағы құндылықтар жайында болды. Үшінші кезең «Есті ене — өнегелі келін», соңғы кезеңде үй тапсырмасы, яғни «Ас — адамның арқауы» бөлімінде ұлттың ұмыт бола бастаған тағамдардың дайындау тәсілін баяндап беруі қажет. Әр бөлімге 5-7 минут аралығында уақыт берілген.














