
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Айта кетейік, құжаттың негізгі міндеттері — мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдардың негізсіз баюын бақылаудың алдын алу шаралары арқылы сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды тиісінше қорғауды, оның ішінде олардың еңбек құқықтарына нұқсан келмеуіне және берілген ақпараттың құпиялылығына кепілдік беру арқылы қамтамасыз ету.
Заң жобасын қабылдау:
— мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдардың көлеңкелі кірістерін анықтауды;
— мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ашықтығын;
— мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін теріс фактор ретінде сыбайлас жемқорлықты азайтуды;
— сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруды;
— сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚазАқпарат









