2024 жылы 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Атырау облысындағы Сарайшықта өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысының тақырыбы – «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» болды.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Құрылтайда қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға да жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.
– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысының нәтижесінде:
1. «Айбын» орденіне аңызға айналған қаһармандар – Сағадат Нұрмағамбетовтың, Бауыржан Момышұлының, Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру туралы түзетулер;
2. Вандализмге қарсы күрес және табиғи нысандарды қорғау туралы түзетулер;
3. Лицензиялауды ретке келтіру және заңсыз археологиялық қазбаларға қатысты жауапкершілікті күшейту туралы түзетулер;
4. Есірткі тасымалдаушылар мен есірткі өндірушілердің жауапкершілігін саралау туралы түзетулер;
5. Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі мәселелері туралы түзетулер (тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту, балаларға қатысты зорлықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және т.б.);
6. Өңірлік рәміздердің бірыңғай стандарты туралы түзетулер;
7. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға түзетулер;
8. Креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңнамалық шаралар пакеті қабылданды.