Республика күні биыл ұлттық мереке мәртебесін алып, ерекше аталып өтуде. Осыған орай Шымкент қаласындағы халқы жағынан ең үлкен Абай ауданы аталмыш күнді тойлады. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен көрме қойылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар әкімнің алғыс хатымен марапатталды. Ол қатарда аталмыш ауданның аумағында орналасқан №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бар. Шымкент қалалық опера және балет театры алдында Абай ауданы әкімдігі Республика күніне орай мерекелік жиын ұйымдастырды. Салтанатты шарада қаладағы бірқатар балабақша мекемелері түрлі-түсті қолөнер бұйымдарын көрмеге қойып, қалың көпшілікке таныстырды. Ұлттық мерекенің ұлықталып, халықтық тойға айналғаны тұрғындарды қуантуда. Осылай деген аудан басшысы Парманов барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтап, аудан жетістіктерін атап өтті.