Танымал қайраткер Асанбай Асқаровтың атын ел жадында сақтауда Шымкенттегі №77 мектеп ұжымы көп еңбек сіңіріп келеді. Білім ошағына аты берілуімен қоса көрнекі тұлғаға мұнда тұтас мұражай да арналған. Мектептің іргетасы қаланғалы бері жинақталған музей 2005 жылы ашылады. Содан бері құрметті қонақтар келгенде, мерейтойлар кезінде ғана емес, жыл бойына оқушыларға, Асанбай Асқаровтың тұлғасымен танысамын деушілерге есігі ашық.
Шымкент қалалық №77 мектеп-лицейдің директоры Толқын Аюбаеваның айтуынша, мектепте 2005 жылдан бері Асқаровтану сабағы жүреді. Онда 1-4 сынып оқушылары көрнекі тұлғаның өмірін, қызметін, жеткен жетістіктері мен елге сіңірген еңбегін, шығармашылығын әр тоқсанға бөліп оқиды. Оған қоса Асқаровтану үйірмесі бар. Онда 6-7 сынып оқушылары қатысады. Еркін клуб түрінде ұйымдасып, ел ағасына деп арнаған жазбаларымен, жыр шумақтарымен бөліседі. Ол өлеңдердің бір бөлігін жинақтап, шағын кітапша да басып шығарылған.
Мұражайдан мектеп өмірінің жылнамасына да орын табылған. Алғаш іргетасы қаланған кезден бастап облыс, қала басшыларының құрылыс барысын аралауы, мектептің ашылу салтанаты, мәртебелі қонақтардың ғимаратты аралап, танысуы, оқу жылынан үзік сырлар мен елеулі оқиғалар, шәкірттердің жетістіктері – бәрі-бәрі тасқа басылып, екі үлкен альбомға жинақталған. Осылайша мектеп өмірі мен оған аты берілген Асанбай Асқаровтың ғұмырнамасы бірімен бірі тығыз байланысып, астасып жатыр.











