Мемлекет басшысының бес бағдардан тұрған бесінші Жолдауы ел ішінде бірден қолдау тапты. Ұлттық қордан кейінгі ұрпаққа үлес қалдыру, білім мен медицинаға баса мән беру, мемлекеттік басқарудағы жаңа бастамалар сынды өзге де мәлімдемелері әлеуметтің ахуалына арналды. Жұртшылыққа ендігі керегі — нәтиже.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйекте бесінші Жолдауын жариялады. Иә, осы кезеге дейінгі әр Жолдау бірін-бірі қайталамайды. Әрқайсысы өзіндік мән-маңызға ие болып келді. Ал, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғамға» жол бастайтын кешегі Жолдау халықтың талайдан бері ойында жүрген жаңашылдықтарға жөн сілтеді. Бұқараның көңілінен шыққаны — әлеуметтік өзгерістер болды.
Бес бағдардан тұрған Жолдауға қолдау білдіріп, өз араларында түсіндіру мақсатымен мегаполистегі Азаматтық Альянс бірлестігі түрлі сала мамандарының басын қосты.
Ел азаматтарының мемлекеттік басқарудағы өзгерістерге елең еткені жасырын емес. Ал, білім беру мен медицина саласы бойынша бастамаларға бас изеді. Әсіресе, шалғайдағы елдімекендерден емдеу пунктін көбейтіп, заманауи құралмен жабдықтау, бәсекеге қабілетті дәрігер дайындау туралы бастамалары қолдау тапты.
Жолдау — жастардың жүрегіне де бірден жол салды. Жоғары оқу орнына түсуші студенттер 2-3 пайыздық несие алып, оқу ақысын төлей алады. Алдағы таңда жатақхана жайы жастарды алаңдатпайтын болып отыр. 2023 жылдан бастап жұмыссыз жүрген жүз мың жастың екі қолына бір күрек тимек.
Жаңа Жолдау — игі істердің бастамасы болғалы тұр. Егер де ол жүзеге асса. Президенттің айтқан бағыттары мен тапсырмасы бойынша қолдау білдіріп, аталған өзгерістерді іске асыру, міне, ол — нәтиже болмақ.









