Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлері мегаполисте бас қосты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс елдерінде әскери борышын өтеген сарбаздар жастармен жүздесіп, өнегесі мол игілікті іс жасады. Өскелең ұрпаққа Отан деген ардақты сөздің қаншалықты қадірлі екенін айтып, тәрбиелік мәні зор естеліктермен бөлісті.
1945 жылдың 9-маусымында маршал Жуковтың бұйрығымен Германия жеріндегі Кеңес әскерінің тобы құрылған болатын. Варшава келісімі және Германиядағы Кеңес әскерлері тобында қызметін өтеген кешегі жауынгер, бүгінгі ардагерлермен Шымкентте жылы жүздесу өтті. Бұл қоғамдық бірлестік ағымдағы жылдың басында құрылған болатын. Басқосудың басында қоғамдық бірлестіктің қатарына қосылған азаматтарға төсбелгі тағылып, арнайы куәлік табысталды. Өскелең ұрпақпен бас қосып, өнегелі кездесу өткізген сарбаздар ерлік тек білек күшімен емес, білімнің мықтылығымен да жасалатынын айтты.