Қазақтың Шымкентте бестен бірі, Ешқашан шығармаңдар естен мұны, Әрқашан бізге қарап өлшенеді, Қазақтың қаншалықты өскендігі. Иә, айтыстың ақтаңгері Әселхан апамыз шырайлы Шымкенттің маңызы мен мәртебесін әлдеқашан айшықтап берген. Алда еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласының күні келе жатыр. Атаулы датаға орай «Туған өлкем — қандай көркем» атты мерекелік концерті өтті. Қаламыздың кішкентай тұрғындары үшін ұйымдастырылған шарада бүлдіршіндер шат-шадыман болып, көңіл көтерді.
2200 жылдық тарихы бар көне шаһардың туған күніне арналған шаралар 14 маусымнан бастау алды. Түрлі тақырыпта танымдық кештер ұйымдастырылып, қала тұрғындары үшін естен кетпес ерекше сәттер сыйлауда. Әрине, қаланың кішкентай тұрғындары да тыс қалған емес. Шымкент қаласы жасөспірімдер кітапханасының ұйытқы болуымен «Туған өлкем-қандай көркем» атты мерекелік концерті өтті. Мұнда, кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін шаһардың тарихынан сыр шертетін кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, ән мен жырдан шашу шашылды.
Көрермендердің көзайымы болған кітапхана ұжымына қала тұрғындарының алғысы шексіз. Шара барысында кітапхана қызметкерлері көрермендерге өз қолымен жасаған Шымкенттің символы қызғалдақ гүлін сыйлады. Сонымен қатар, бүлдіршіндер қалаға хат жазып, тақтайшаға ілді. Бірі қалаға деген ыстық лебіздерін жазып қалдырса, енді бірі алғыстарын айтуда.
Ұлысымыздың ұйытқысы Оңтүстіктің шырайлы шаһары Шымкент қаласының күніне арналған аталмыш шара жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, өз елін, отанын сүйетін патриот болуға тәрбиелеуді меже тұтып отыр. Сонымен қатар, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқырмандардың мәдени және рухани білімін көтеру болып табылады.