Шымкентте бастау алған «Рухани жауһарлар» дәстүрлі ән және терме орындаушыларының республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, жеңімпаздарға сый-сияпат табыстады.
Киелі қара домбыра мен қобыздың сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі әндер кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді. “Ел іші – өнер кеніші” дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері тек домбыра, қобызбен шектелмесі анық. Жетігенмен, сыбызғы, шертер, адырнамен ән айту өнері шеберліктің шыңы саналған. Ал домбырамен тек қана әннің төресі шырқалған.Бүгінде кең көлемде өткен байқаудың мақсаты – Оңтүстік өңірінің дәстүрлі әні мен термесін насихаттау, ұмыт бола бастаған жырларды қайта жаңғырту.
Сондай-ақ қазақтың домбырасының қоңыр үнін сахнада әуелетіп, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі ән-жыр мектептерінің мақамдарын тірілту. Байқау қорытындысында 5 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Ал грани при иегері-Дәстүрлі ән бағытында Сынабай Қылышбек атанса, терме тарту өнерінен Руслан Ақылбеков үздік деп танылды. Айта кетсек, жеңімпазға берілген бас жүлде қоры 1 млн теңгені құрап отыр