Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында «Қасірет шатқалы» туралы тақырып тағы қозғалды. Айта кетейік, кеңестің өткен жолғы отырысында Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасы 13 гектарды алып жатқан »Қасірет» шатқалында Шымкент қаласының тұрғындары үшін жайлы қоғамдық кеңістік құру жөнінде ұсыныс берген болатын. Басқарма басшысы Ғалымжан Ілиясовтың айтуынша, жобаның жалпы құны
3 382 132 035 теңгені құрайды. Ал халыққа көрсетілетін ақылы қызметтерден түсетін табыс 2 651 678 теңге!
Қасіретті мекенде көңіл көтеріп, сейіл құратын жобаны алып келген шенеуніктің бұл әрекеті көптің көңілінен шыға қойған жоқ. Басқарма басшысы шаң жуытпай қорғаған жобаның жоспары бойынша қазақ халқы үшін зардабы орасан зор әрі қасіретті мекенде бассейн, балалар алаңшасы, кафитерий, квадроцикл,картинг орталығы бой түземек. Кеңес мүшелері өз сөзінде бұл жоба іске қосылса, ата-баба рухына жасалған қиянат, сүйегімізге таңба болады деп қарсылығын білдіріп, жобаға үзілді кесілді қарсы болып, ұсынысты қабылдаған жоқ.











