Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында тағы жаңа 5 нысан ашылды. Жаңа нысандардың бірқатарының ашылуына Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Сарапхана ауыл округі, Майлыошақ ауылы мен Алтынтөбе ауыл округі, Аққұм елді мекеніне газ берілді. Аталған ауылдардың тұрғындары қуанышқа бөленіп, аудан басшылығына ризашылықтары жеткізді.
Сонымен бірге Қызылқия ауыл округінде мал сою және етті тереңдетіп өңдеу кәсіпорны ашылды. Құны 820 млн. теңгені құрайтын жоба арқылы 12 адам жұмыспен қамтылған. Ал Жаңабазар ауыл округі Үшбастау елді мекенінде 200 орындық К.Әзірбаев мектебі ашылып, оқушылар мен ұстаздар қауымын қуантты. Сондай-ақ мереке қарсаңында С.Рақымов округі мен Сынтас елді мекеніндегі әлеуметтік аз қамтылған 2 отбасына «Қамқорлық» бағдарламасы аясында баспана берілді. Екі үйді салуға ауыл тұрғындары мен демеушілер үлес қосты.