Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Екі күнге созылған жыр аламаны «Nur Otan» партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында ақындардың 11 жұбы екі күн бойы айтыссүйер қауымды өрнекті сөздерімен сусындатты. Ақындардың өнеріне Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ, қазылар құрамында Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және өзге де өнер, қоғам қайраткерлері болды.










