Рухани шаһардың төрінде «Маржан-жыр» атты республикалық ретро-айтыс басталды. Мерекелік іс-шара «Құрмет» орденінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі», айтыскер ақын Маржан Есжанованың 50 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отыр. Мұнда киелі өнердің киесін ұлықтап, өнердегі еңбегін жырға қосқан Алаштың арқалы ақындары төбе көрсетті. Салтанатты жиын Біржан Байтуов бастаған айтыскер ақын, сал-серілердің арнауымен шымылдығын ашты.
Тәу еткен Тәуелсіздігіміздің ордалы 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған республикалық ретро-айтыста
Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Аманжол Әлтаев, Серік Құсанбаев, Күміскүл Сәрсенбаева, Алтынкүл Қасымбек, Бөрібай Оразымбетов, Карима Оралова жыр додасында Тәуелсіздіктің қадір қасиетін ұлықтап, айтыс сүйер көрерменге сүбелі сөзден шашу шашып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, бүгінгі айтулы шараға Түркістан облысының зиялы қауым өкілдерінің атынан Нармахан Бегалиев, Серікжан Сейтжанов, Мархабат Байғұт сөз алып, ізгі тілектерін жолдады.