Түркістан қаласында коронавирус инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында Наурыз мерекесіне орай өтетін салтанатты іс-шаралар тоқтатылды. Өйткені, Түркістан облысы бойынша соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 12 жағдай, вирустық пневмониямен 5 жағдай тіркелген. Нәтижесінде облыстағы апталық аурушаңдық динамикасы нормадан асып, 1,7-ке жеткен. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.
«Наурыз мерекесіне орай біз облыс орталығында бірнеше шара өткізуді жоспарлаған болатынбыз. Алайда 19-23 наурыз аралығында Түркістан қаласына пойыз, ұшақ, автобуспен 11 мыңнан астам адам келеді деп болжануда. Сонымен қатар, 31 наурызда Түркістанда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Осындай үлкен шаралардың қарсаңында карантиндік шараларды қатаң сақтауымыз қажет», — деді Сәкен Амангелдіұлы.
