Шымкентке қарасты Сайрам тұрғын алабының халқы енді томографияға түсу үшін орталық ауруханаға келіп сабылмайтын болды. Өйткені аталған тұрғын алаптағы №3 қалалық ауруханаға жаңа компьютерлік томография аппараты орнатылды. Жаңа қондырғыны алу үшін жергілікті бюджеттен 160 млн теңге қаржы бөлінген.Осы құрылғының көмегімен қатерлі ісік ауруларын, миға қан құйылуы және тағы басқа да ауруларға диагностика жасалады. Жаңа жабдықтың ашылуына келген денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов құрылғының дертке дауа болатынына сенім білдірді.
Медициналық ұйымға орнатылған қондырғы арқылы дәрігерлер ауыр жағдайда жедел жәрдеммен жеткізілетін науқастарды диагностикалық тексеруден өткізіп, емдеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, медицина мамандары жаңа техниканы қолдана отырып, азаматтарды жоспарлы тексеруден өткізбек.
Жаңа технологиялық аппарат 20 секунд ішінде рентген сәулесі арқылы ағза мүшелерін зерттейді. Аталған аурухананың ұжымы да жаңа аппараттың келгеніне қуанышты. Осы ретте мамандар халыққа жоғары медициналық қызмет көрсетуге қашан да дайын екендігін көрсетпек. Ал, бұл аудан тұрғындары үшін үлкен көмегін тигізеді.
Айғақ-ақпарат