«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалында салтанатты шара өтті. Шара барысында ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытқан партиялықтар Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Жиынды «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева ашып, Сайлау науқанының жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті. Белсенділерге Елбасы алғысын Шымкент қаласы бойынша сайлауалды штаб жетекшісі Бахадыр Нарымбетов табыстады.
Өз сөзінде қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов: «Штабтың әрбірі үлкен, ортақ жеңіске өз үлесін қосты. Біздің қатарда көк туды желбіреткен чемпиондарымыз, даналығымен талай істі тындырған абыз ағаларымыз, белсенді жастар болды. Жұмыс оңай болды деп айта алмаймыз. Шымкент тұрғындарының әрбіріне сайлауалды бағдарламаны жеткізу үшін талмай еңбек еттік. Ең бастысы жерлестеріміз бізге сенім артты»,- дей келе, алдағы уақыттағы жауапкершілікті де еске салды. Себебі нақты істер партиясының ендігі міндеті 5 жылдық бағдарламаны толық жүзеге асыру.
«Алғыс хат» алған азаматтардың қатарында әйгілі спортшылар Мұхтархан Ділдабеков, Жазира Жаппарқұл, «Дустлик» өзбек этномәдени қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Шымкент қаласы жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнар Құрманбековалар бар.
aigak.kz