20 қаңтардан бастап Шымкент қаласындағы Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов қиылысындағы жолайрық құрылысының екінші кезеңі басталады-, деп хабарлайды Айғақ-ақпарат тілшісі.Бұл кезеңде жол жабынын бұзу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жер қазу, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелінің құрылысы, және жол жамылғысын салу жұмыстары атқарылатын болады. 2021 жылдың 16 желтоқсанына дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, жолайрықта көлік қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда.
Қала әкімінің орынбасары М.Исахов, Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов және «БАЗИС-А» ЖШС-нің Шымкент қалалық филиалының директоры Р.Рахматуллаевтың қатысуымен өткен брифингте Қонаев даңғылы (Роял клубы тұсынан Рысқұлов көшесіне дейін) және Бәйдібек би даңғылы (Рысқұлов көшесінен Дулати көшесіне дейін) толығымен жабылатыны айтылды.
Көлік ағынын, Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, Байтұрсынов көшелеріне бағыттап, көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Бозарық елді мекенінен қалаға қарай бағытта Бәйдібек би, Байырқұм, Дулати көшелерімен, қаладан Бозарыққа қарай бағытта Қазыбек би, Рысқұлов, Бәйтереков, Жәнібеков және Дулати көшелерімен жүруге болады.