Биыл ҚР Мемлекеттік Әнұраның авторы, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл. Ұлы даланы ән бесігінде тербеткен бірегей тұлғаның мерейтойы Түркістан облысында жыл бойы мерекеленді.
Шәмші әлемін кеңінен насихаттау, замандастары мен өнердегі ізбасарларын композитордың туған топырағына шақыру мақсатында Алматы қаласынан арнайы келген зиялы қауым өкілдері «Ш.Қалдаяқов» аталатын поезбен тоғыз жолдың торабындағы Арыс қаласына аялдады. Құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, танымал журналистер, Шәмшінің замандастары мен туыстары бар рухани керуен алдымен Арыс қаласының темір жол вокзалының жұмысымен танысты. Қонақтарды Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек күтіп алып, Шәмші әнге қосқан Арыс жағасындағы ажарлы қаланың бүгінгі келбетімен таныстырды.
Содан кейін Көпен Әмірбек, Тілеуберді Бинаш, Әселхан Қалыбекова, Қазыбек Иса, Құрманбек Оңалбек, Әлібек Шегебай сынды өнер майталмандары Шәмшінің туған ауылына аттанды. Қоғамдық делегация Ш.Қалдаяқов ауылындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, «Отырар» халық театры әртістерінің орындауындағы «Шәмші» қойылымын тамашалады. Таяуда ғана композитордың мерейтойына орай ашылған Ш.Қалдаяқовтың музейімен танысқан қонақтар Шәмші жайлы естеліктері мен әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Арыстан баб кесенесіне зиярат жасаған делегация өкілдері Ш.Қалдаяқов ескерткішінің ашылу салтанатына қатысу үшін Түркістан қаласына аттанды.