«Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясындағы салтанатты рәсімге орай өткізіліп жатқан іс-шаралар легі күні ертең өз мәресіне жетеді.
«Абай» саябағында поэзия және әдебиет бұрышы көрмесін ұйымдастырған қала кітапханашылары қазақ әдебиетінің майталмандары мен Әл-Фарабидің бейнесін айнытпай көрсете білді. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары ақын-жазушылардың еңбектерімен танысып, ашық аспан астында орындалған өлеңдерін тыңдады. A.C.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы, Абай атындағы орталық кітапхана, Зағиптарға және көзі нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапханалардың қызметкерлері де бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Сондай-ақ Шымкент қаласының әжелер ансамблі жанды дауыста ән шырқап, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының қызметкерлері зиялы қауым өкілдерінің алып кейіптерімен ортаға шығып, керемет әсер қалдырды.
Арбат алаңындағы театрландырылған қойылымдар цирк әртістерінің өнерімен жалғасты. Жиылған қауым «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Айман-Шолпан», «Сайрам базары» қойылымдарының үзінділерін тамашалады. «Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында мегаполис саябақтарында ұйымдастырылған танымдық шарадан «Айғақ» телеарнасының тілшілері әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып, көрермендерге маңыздылығын көрсетті.
https://www.instagram.com/p/CH12n7wDblm/
Бәйдібек би саябағының төрінде, Наурыз алаңында ұлттық өнерімізді ұлықтау үшін ұйымдастырылған «Шеберлер ауылы» көрмесі мәдени астананың мәртебесін биіктетті. Көздің жауын алатын қолөнер туындылары қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Тарихи шараның тағы бір ерекшелігі — ұлттық киімді заманауи нақышпен үйлестірген қазақтың қаракөз қыздарының биязы бейнесі тәнті етті. Ағаштан, күмістен жасалған түрлі бұйымдар көздің жауын алса, шаңқобыз бен сазсырнайда өнер көрсеткен мәдениет өкілдері бірлік пен ынтымақтықтың айрықша үлгісін көрсетті. 2200 жылдық тарихы бар Шым шаһардан Тәжікстанның Душанбе қаласына жол тартатын «Уақыт керуенінің» қоржынындағы құндылықтар шымкенттік «Шебер ауылы» қолөнершілерінің туындылары.
https://www.instagram.com/p/CH2OcTyDO4w/
«Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында ұйымдастырылған шара карантин талабын сақтай отырып, барлық келушілерге сақтық жөнінде ескертпелер жиі ескертіліп отырды.
aigak.kz
Сурет: Береке Сейітжаппар