Шымкент қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері сібір жарасымен ауырғандардың жағдайын айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Аса қауіпті жұқпалы аурулар мен туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Балқымыс Мұсаева ауру жұқтырған ағайындылардың бірінің ауруханадан шығарылғанын айтты.
«Екінші науқас ауруханада жатыр, оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады», — деді Мұсаева.
Сондай-ақ, ол ауру ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілгенін, байланыста болған 21 адамның 14 күн бойы медициналық бақылауда болғанын айтты.
«Ошақ оқшауланды. Бүгінде аурудың қайталанған жағдайлары тіркелген жоқ. Сібір жарасының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді», — деп атап өтті ол.