Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 12 тамызға белгіленген ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау рәсімі Шымкент қаласында Айгүл Қапбарованың кезекті жеңісімен аяқталды. Бұл туралы «Айғақ-Ақпарат» тілшісі хабарлайды.
Парламенттің Жоғарғы Палатасына өтуге 3 бірдей үміткердің кандидатурасы ұсынылған болатын. Айгүл Жарылқасынқызының кандидатурасын Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары ұсынған, ал мектеп директоры Толқын Аюбаева мен жеке кәсіпкер Бектай Орманов өзін-өзі ұсыну тәртібімен бақ сынап көрді. Сағат 11:00-ге белгіленген сайлау науқаны санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. Дауыс беруге қалалық мәслихаттың 25 депутаты қатысты.
Айта кетейік, алғашында кандидаттыққа 4 адам тіркелген болатын. Бірақ, бір үміткер денсаулығына байланысты өз еркімен кандидаттықтан бас тартқан.
Сонымен, басым дауыспен жеңіске жеткен Айгүл Қапбарованың кандидатурасын үшінші мегаполистегі депутаттық корпустың 72 пайызы қолдаса, мамандығы педагог Толқын Аюбаеваға 16 пайыз, Бектай Ормановты тиісінше 12 пайызы қолдап дауыс берген.