Елбасының курстасы, теміржол саласының ардагері, киелі Түркістан шаһарының «Құрметті азаматы» Әсетулла Каримов дүние салды. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өзінің инстаграм парақшасында жазды, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Әсетулла Каримов ғұмырын теміржол саласының дамуына арнаған азамат еді. Жақында ғана 80 жасқа толған ол әрдайым туған жерімен мақтанып, киелі мекеннің қасиеті мен руханияты туралы айтып отыратын. 1958-60 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Украинаның Днепродзержинск қаласындағы техникалық училищесінде білім алып, болашаққа бірге қанат қаққан. Тағдыр шіркін, сол кезеңде талай жанды өз өмір жолына тәрбиеледі. Украинада тәлім алып, туған жеріне қайтқан Әсетулла Каримов Түркістандағы ғасырдан астам тарихы бар теміржолда талай еңбек етті. Зейнеткерлікке де осы жерден шықты. «Айғақ» телеарнасына сәуір айында берген соңғы сұқбатында Түркістан қаласының түрленіп, әрі гүлденіп келе жатқан осынау игілікті істің бастауында Елбасының еңбегі орасан екендігін мақтанып айтып беріп еді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Каримовтар отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Әсетулла Каримовтың қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.