Таразда Премьер-Министр Асқар Мамин мінген тікұшақ шұғыл түрде жерге қонуға мәжбүр болған. Оның себептері туралы «Қазавиаспас» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жамбыл облысында 12 маусым күні бортында премьер-министр Асқар Мамин болған тікұшақ әуеден шолу жасаған. Ұшу кезінде ұшқыш гидравликалық жүйенің істен шыққанын байқаған. Осыдан кейін қосалқы гидравликалық жүйе қосылған. Ұшу нұсқаулығына сәйкес тікұшақ Таразға қонуға мәжбүр болды», — деп хабарлады «Қазавиаспас» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Анар Хамитова ҚазАқпарат тілшісіне. Оның айтуынша, қазіргі уақытта азаматтық авиация саласында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы комиссия құрған. Аталған жағдайдың ресми себебі кейінірек жарияланады. «Орын алған авиациялық оқиғаның салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ, әуе кемесіне зақым келмеген. Тікұшақ бортында ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болған жоқ», — деп жазды ҚР Үкіметі баспасөз қызметінің жетекшісі Зарина Нұрланова Facebook-тегі парақшасында.