Шымкентте қоғамдық көліктер жаңартылады. Автобус қатынамайтын кейбір жерлерге жолаушылар көлігі қойылады. Сонымен қатар, жол ақысы электронды билет арқылы төленетін болды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлім етті,-деп хабарлайды Айғақ-Ақпарат тілшісі.
Үшінші мегаполисте осыған дейін 81 бағытта қоғамдық көлік бар болса, жауапты орындардың қайта жаңартуынан кейін маршрут саны 78-ге өзгерді. Кейбір автобустар толығымен жойылып, орнына жаңа қоғамдық көліктер қойылды. Мәселен, 86 нөмірлі жолаушылар көлігі жұмысын тоқтатып, орнына 38 бен 16 нөмірлі автобустар қатынайтын болды. Бұл шешім – қала тұрғындарының уақыт үнемдеуі үшін жүзеге аспақ.
Шымкенттегі қоғамдық көліктердің біршамасы ескірген. Онымен қоса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған. Осыны ескерген жауапты мекемелер мегаполистегі жолаушылар көлігін 87 пайызға жаңартуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, қоғамдық көліктердегі жол ақысы – электронды төлем жүйесіне көшеді. Жоспар бойынша шымкенттіктер – 2020 жылдың 1 маусымынан бастап, жолаушылар көлігінде электронды билет арқылы жүруі керек болған. Дегенмен, еліміздегі карантин режиміне байланысты біршама уақытқа кейінге қалып отыр. Айта кетейік, электронды карта үшін «QazSmartTrans» ӘКК» ЖШС жеке шотынан 3 млн. доллардан астам қаржы бөлген.
Автобустарға арналған көлік картасын тұрғындар 500 теңгеге сатып алады және алғашқы төлем тегін болады. Сондай-ақ, батыр аналар, алтын, күміс алқа иегерлері мен бірінші топтағы көру қабілеті нашар азаматтар электронды билетке ақысыз қол жеткізеді.