Еліміздегі төтенше жағдай кезінде жұмыссыз отырған адамдарға мемлекет тарапынан көмектер беріліп жатқаны белгілі. Алайда, шет елден келген қандастарымыздың кейбірі бұндай көмекті алуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, көбінде құжаттар тура емес. Сондықтан, «Nur Otan» партиясының белсенділері мен «Ордабасы» индустриалды аймақтың басшылығы бірлесіп, қандастардың отбасына азық-түлік пен гигиеналық заттар табыстады.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін, қандастарымыз түрлі жағдаймен шетел асып кеткенін білеміз. Бүгінде өз жерлерін сағынып, отанына қайта оралып жатыр. Солардың бір бөлігі Шымкент қаласы әкімдігінің «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру» орталығына жайғасқан. Бүгінде осы орталықта 77 қандасымыз бар. Бұл біздің көріп білгеніміз. Тұратын жері жоқ,тапқан жатын орнын паналаған жандар қаншама?! Төтенше жағдайда жұмыс істей алмасы анық. Әлеуметтік көмекті алмайтыны тағы бар. Мұнда 6 айға дейін тұрып, құжаттарын рәсімдеп алуға мүмкіншіліктері бар. Бірақ, аталған орталықта жатып-тұруы болмаса, тамақпен қамтамасыз етпейді екен. Сонымен қоса, төтенше жағдай кезінде берілетін мемлекет тарапынан да ешқандай қаржылай көмек берілмейді. Соған байланысты, «Nur Otan» партиясының белсенділері мен «Ордабасы» индустриалды аймақтың директоры атынан орталықтағы 30 отбасының барлығына гигиеналық заттар берілсе, оның ішіндегі жағдайы төмен 17 отбасыға азық-түлік таратылды. Ел белсенділері көмектескенімен, жүйелі азық-түлікпен қамтамасыз етуге шама жоқ.
Айғақ-ақпарат