Тарихында табиғи отынның тіпті құбыры тартылмаған Созақ ауданына газ бармақ. Ең әуелі орталығы Шолаққорған ауылы күл шығарып, көмір тасып, от жағатын қиындықтан құтылады. Бұл жаңалық есептік кездесуде айтылғанда, теріскейдегі тұрғындар қуаныштан қол шапалақтап, жүздері жадырап кетті. Жиылған жұрттың қуанышынан күш жинаған Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов сол әсермен әсерлі баяндама жасап шықты.
60 мыңнан астам халық тұратын теріскей өркендеген өңір, өрісті өлкеге айналып келеді. Қазақ хандығының ежелде қара шаңырағы болған Созақ ауданы бүгінде экологиялық аймақ. Өйткені, уран өндіретін жер. Қазақстан мен Франция бірлескен «КАТКО», «Қазатомпром», «Инкай» секілді алып компаниялар осында. Сондықтан бұл аймақта жұмыс орны да, жалақы да жетерлік. Тек әлеуметтік мәселе ретімен шешілсе болғаны.
Шолаққорғанға газ 2020 жылы тартылады деген жаңалықты естігенде баяндама тыңдап отырған жұрт қуанып кетті. Әлеуметтік мәселенің бастысы шешілсе әрине неге қуанбасқа?! Өткен жылы 51 миллиард 262 миллион теңгеге инвестиция тартып, жергілікті бюджеті еселенген Созақ ауданының келбеті болашақта қаладан кем болмайтын көрінеді. Бұл аудан әкімінің баяндамасынан түйген ой. Көптен күткен қуаныш су сепкендей басылып қала ма деп үрейленген тұрғындар табиғи отынның жаңалығын қайта-қайта сұрап, тағы бір шегелеп алды.
Теріскейдегі ағайынды көбінесе мазалайтын сұрақ жел тұрса сөніп қалатын жарық мәселесі. Созақ ауданы оңтүстікте орын тепкенмен табиғаты ерекше қатал. Аймақта қар басып, жел тұрып жатады. Сондықтан электр жарығы күтпеген уақытта сөніп қалатыны бар. «Оңтүстік жарық» мекемесінің баланысындағы мәселе болғандықтан аудан әкімдігінің қызметкерлері істі тек ұйымдастыруға қауқарлы болып отыр.
Өткен жылы ауданда 426 шағын кәсіпкерлік орындары ашылған. Іске асып жатқан жобаның көпшілігі «индустриалды аймақта». Сондай-ақ алдағы айда күн электр станциясының құрылысы аяқталып, іске қосылады деген жоспар бар. Былтырғы жылдың есте қалған жаңалығының бірі – Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдық мерейтойы. Қасиетті Қаратаудың басталар жері Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келген қоғам қайраткерін туған жерінде насихаттап, тарихи орынға барғандар рухани азық алып қайтқан болатын. Алаш арысымен мақтанатын Теріскей өлкесінде өткен есептік кездесуге келгендер әкімнің есебін тыңдап, еркін ұсыныс айтуға мол мүмкіндік алды.
2017 жылдың мамыр айынан бері Созақ ауданын басқарып отырған Салыхан Сабырұлы тәжірибелі азамат. Бұған дейін Отырар ауданында әкім, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған Полатов іске икемді екенін тағы бір дәлелдеп отыр. Сұрақтарға көңілге қонымды жауап айтып, бірлесіп тату-тәтті жұмыс істеуге шақырған әкім көтерілген мәселелерді қайта қарап шықпақ.
Созақ ауданы бойынша 32 елді мекеннің 23 елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су құбыры жүргізілген. Биылғы жылы қалған Көктөбе, Абай, Қайнар, Шаға, Ақсүмбе жерлерінде тұратын ағайын жағымды жаңалығымен бөліспек. Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Саңғыл би секілді әулиелердің мәңгілік мекені болған сырлы Созақ жұрты игі істермен, бағындырар белес көп дейді.
Айғақ-ақпарат