Барша адамзат баласының өміріне нәр беріп, жақсылық пен жамандықты айыруға, өмірдің мәнін түсінуге зор ықпал ететін тұлғаның бірі, әрі бірегейі – ұстаз екендігі даусыз. Өмірдің мәнін ұқтырып жол сілтейтін тау тұлғалы ұстазынан тәлім-тәрбие алмаған жан болмайды.
31 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қол қойды. Бұл заң ұстаздың ұрпақ санасын білім нәрімен нұрландырушы маман ғана емес, ұлттың тағдырына әсер етуші жауапты тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді.
Педагог мәртебесін айқындайтын Заң негізі төрт бағытты қамтиды: Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; Үшінші, материалды емес стимул тетіктері; Төртінші, материалдық ыңталандыру.
Заңда орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері үшін көптеген жаңашылдық қарастырылған. Біріншіден, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Екіншіден, педагог өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартылудан қорғалады. Сонымен қатар, енді педагогтерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады. Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беріледі.
Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері үшін еңбек демалысын кезеңі 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген. Мектепке дейінгі ұйым ұстаздарының педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Бұл санаттағы мұғалімдердің балаларына мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне де 2020 жылы жалақысы 25 пайызға өсіп, төрт жылдың ішінде екі есе арттырылады. Бұл санаттағы мұғалімдер міндетіне кірмейтін функцияларға тартудан қорғау және қарастырылмаған есептіліктен босату көзделген.
Осы заңның ҚР Парламентінде қабылдануы үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі нәтижелі жұмыстар атқарды. Қоғам арасында талқылауға салып, барша педагогтерден ұсыныстар қабылдады. Министр А.Аймағамбетов заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілгендігін, 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінетіндігін атап өтті.
Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылған.
Бұл заң ғасырлар бойы халқымыздың дүниетанымында ұрпақ тәрбиесіне ізгілік дәнін сеуіп, мәңгілік жадында жаңғырып тұратын ұстаздар қауымының бүгінгі таңдағы қоғам алдындағы функциясы мен абыройы заманға сай сақталған бірегей тұлға болып қала беретіндігіне үлкен серпіліс беретіндігі анық.
Дария Қожамжарова
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, ҚР ҰҒА-ның академигі