Бəйдібек ауданына қарасты Екпінді ауылының тұрғыны, белгілі кəсіпкер Ахмет Біржанов қасиетті Құрбан айт мерекесінде қайырымды іс жасады. Ол апаттан зардап шеккен Арыс қаласында құрбандық шалып, қаланы қалпына келтіріп жатқан 17 сектордағы жұмысшыларға 17 қой үлестірді. Сонымен бірге, жомарт азамат арыстық тұрмысы төмен отбасылар үшін де бір түйені құрбандық атады, деп мәлімдейді «Айғақ-Ақпарат».
Бұл игі шараға бір топ Бəйдібек ауданының азаматтары арнайы келіп қатысса, Түркістан облысының имамы Мұсабек Ақтамберді құран бағыштады.
Құрбан айт — құрбандыққа мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын, мұсылман халықтарының ұлық мерекесі саналатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Аллаһ жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Сондықтан, бұл елді бірлікке, ынтымаққа шақыратын, халықтарды жақындастыратын, игілік істерді мақсат тұтқан рухани мереке. Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп. Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы сынға түседі. Сондай-ақ пенденің мəрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Осы орайда қайырымдылық шарасына куə болған азаматтар Ахмет Тоқтыбайұлының өз отбасы атынан жасаған қайырымдылық əрекеті көпшілікке үлгі боларлық іс деп санайды. Құрбан айтта жасалған игі іс аясында кəсіпкер азамат Ақдала ауылында тұратын 103 жастағы ана Орынкүл Балғожаеваның шаңырағына да бір мал əкеліп, ақ жаулықты ананың ақ батасын алды.
Арыста орын алған апат кезінде əскери снаряд түсіп баспанасы түгелімен жарамсыз күйге түскен тұрғынның бірі Дерменелік Құттыбике Примова. Бүгінде тұрғын үйі жаңадан қайта салынып жатқан ананың шаңырағына да құрбандық ретінде бір қой əкелініп игі іске бата берілді.