Жаңа діни ғимарат Түлкібас ауданында орналасқан. Т.Рысқұлов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған іс шара «Өңір мен Ұлы тұлғалар туралы» тарихи конференциямен өз жалғасын тапты.
Түлкібас кентіндегі тұрғындар үшін «Майлыкент» мешіті рухани орталық болмақ. Бұл аудандағы үшінші мешіт. Салтанатты ашылу рәсімі қасиетті Құрбан айтпен тұспа — тұс келіп отыр. ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді өз сөзінде мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың , игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейрімділіктің барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені екенін атап өтті. Жаңа мешіт салт – дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығына айналмақ.
Аталмыш мешіт Түлкібас ауданының тумасы Қайрат Айтбай және аудан тұрғындарының демеушілігімен салынып отыр. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осында ел ағаларының атқарған істерін көріп, тәрбие алмақ.
Қасиетті ғимараттың ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев арнайы келген болатын. Игі істі атқарып жатқан азаматтарға ауыл тұрғындары өз алғыстарын жеткізді.
Іс — шара аудандық мәдениет сарайында өз жалғасын тапты. «Өңір мен Ұлы тұлғалар туралы» тарихи конференциясында Түлкібас ауданынан шыққан қазақтың біртуар азаматтарын еске алу шарасы өтті. Түлкібас жері – исі қазақтың мақтанышына айналған, Алаштың жоғын жоқтап, мұңын арқалаған, қазақ халқының ұлы перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың ата қонысы, қазақтың біртуар ұлдары Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза тағы басқа да тарихи тұлғалардың туған жері. Конфернцияға Тұрар Рысқұловтың әулеті, Бауыржан Момышұлының ұрпағы, Шерхан Мұртазаның ұл — қыздары, арнайы шақырылған.
«Айғақ-Ақпарат»