Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар өзгеретіні туралы хабарлады. Ведомствоның мәлімдеуінше, жыл басынан бері пияз — 98 пайызға, сәбіз — 58 пайызға, картоп — 34 пайызға және күріш — 22 пайызға қымбаттаған. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің орташа өсімі жыл басынан бері 8 пайызды құраған.
Қымбаттаған азық-түлік тауарларының ішінде бірінші сорттағы ұн мен сол ұннан жасалған нан өнімдері, тауық еті, сиыр еті, сары май және кеспе өнімдері бар. Керісінше бағасы төмендеген азық-түлік өнімдері де бар. Жұмыртқа — 10 пайызға, ақбас қырыққабат — 8,6 пайызға, қант — 3,5 пайызға және сүзбе 3 пайызға арзандаған.
Орташа есеппен жыл басынан бері азық-түлік өнімдерінің бағасы Нұр-Сұлтанда — 15,6 пайыз, Жезқазғанда — 10,4 пайызға, Өскеменде — 10,2 пайызға, Семейде — 9,9 пайызға және Қызылордада 7,7 пайызға өскен.
tengrinews.kz