Тұрғын үйлер Оңтүстік аймақтан көшіп келетін тұрғындар үшін арнайы салынады. Оның ішінде Қызылжарға карасты Шал ақын ауданында 26 баспана, ал Ғабит Мүсірепов ауданында 39 үй бой көтермек. Бұл баспаналарға қол жеткізу үшін отбасында екі баладан кем болмауы тиіс. Бүгінде баспана алушылар тізіміне Түркістан облысынан Ғабит Мүсірепов ауданына келетін 24 отбасы тіркеліп, оларды үймен қамту мәселесі шешімін тауып отыр. Баспаналар 2-3 түрлі жобамен салынады. Ал, көлемі 90 шаршы метрден кем болмайды. Мұндай үйлер Солтүстік Қазақстан облысының 147 ауылында бой көтермек.
Айта кетейік, солтүстік өңірге қоныс аударған түркістандықтардың жаңа өмірімен танысу мақсатында теріскейге түркістандық журналистер ат басын тіреген болатын. БАҚ өкілдері Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереевпен кездесіп, солтүстікке көшіп келгендердің тұрмыс-тіршілігін бақылады. Жергілікті биліктің айтуынша, жеке кәсіппен айналысамын деген азаматтарға қажетті жағдай жасалып, жер учаскелері бөлінеді, құрал-жабдықтарды алуға гранттар беріледі. Сондай-ақ, мал басы мен құс алуға 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін субсидиялар қарастырылған және мемлекеттік бағдарлама аясында несиелер де беріледі.
«Айғақ-Ақпарат»