Түркістан облысында «Денсаулық жолы» республикалық шарасы өтуде. Аталған шара аясында Арыс қаласының жүздеген тұрғыны білікті дәрігерлерге қаралуға келді. Бұл бастама Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Арыс тұрғындары терапевт, эндокринолог, офтальмолог, педиатр, онколог, психологқа қаралып, ЗОЖ мамандары мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі бойынша кеңес алуда. Түркістан облысының тұрғындарына арнайы медицина мамандарынан құралған мобильді топ медициналық, профилактикалық кеңестер береді. Онколог, офтальмолог, эндокринолог және т.б. дәрігерлерден құралған жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдық елдімекендерге шығады. Сонымен қатар, әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша да мәлімет алуға болады.
Айта кетейік, акция жыл сайын 5-9 тамыз аралығында дәстүрлі түрде барлық аудан, қалаларда жыл сайын өтеді. «Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты – тұрғындардың денсаулығын тексеріп, тұз, қант, майлар (майлар, трансмайлар) жоғары мөлшері бар тағамдарды шектеу немесе қолданбаудың денсаулыққа пайдасы туралы хабарлау, дененің артық салмағы, семіздік қаупін төмендету мен жұқпалы емес аурулардың алдын-алу үшін тұрғындарды салауатты өмір салты негіздеріне үйрету арқылы өз денсаулықтарын сақтау мен нығайтуға шақыру.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі