– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне 4 айдан асты. Жалпы, өзіңіз де білесіз, ақпараттық кеңістікте қалыптасқан дәстүр бойынша, үш айдың ішінде атқарылған шаралардың қорытындысы жасалатын еді. Алайда, жаңа Президенттің 100 күндік жұмысы жөнінде көп ресми ақпарат жарияланбады. Мұның қандай да бір себебі болды ма? Әлде Президенттің өзі айтпақшы, сөзден гөрі нақты іске ден қойды ма?
– Ең алдымен, тәуелсіз Қазақстанның тарихында екінші президенттің сайлануы – еліміз үшін үлкен тарихи кезең. Өздеріңіз де куә болдыңыздар, барша халықтың алдында ант бергеннен кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Міне, сол уақыттан бері көптеген маңызды іс-шаралар атқарылды. Халықаралық кездесулер өтті, өңірлерді аралады, шетелдерге сапарлады, келіссөздер жүргізді.
Президент қызметінің 100 күндігіне қатысты ресми БАҚ-та мақалалар жарияланып, телеарналарда сюжеттер беріліп жатты. Бірақ дәл осы 100 күндік қарсаңында Арыста күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатқан төтенше оқиға болды. Ол Арыстағы ағайынның ғана емес, бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған өте қиын жағдай еді. Президент жергілікті билікке, құзырлы органдарға шұғыл тапсырмалар берді. Кешкісін, жұмыс күнінің соңына қарай Арысқа ұшып барды. Енді ол кездегі ахуалды өздеріңіз де жақсы білесіздер, БАҚ-тан көрдіңіздер.
Міне, осындай күрделі уақытта «мен 100 күнде не бітірдім» деп емес, дәл сол сәтте көмекке зәру, бірауыз демеу күткен елдің жанынан табылуы маңыздырақ болды. Арыс халқы сол күні Президенттің тікелей қамқорлығын сезінді деп ойлаймын.
Жалпы, Мемлекет басшысының наурыз айынан бері атқарған жұмысы халықтың көз алдында.
Осы уақыт аралығында Қазақстан Президенті 14 облысқа жұмыс сапарымен барды, 4 мемлекетте болды, 2 ірі халықаралық саяси ұйымның жұмысына қатысты. Оның арасында, өздеріңіз білесіздер, сайлау науқаны өтті.
Сайлаудың ертесі күні Қасым-Жомарт Кемелұлы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған жалпы, 66 БАҚ-тан 107 журналист қатысты, оның 22-сі – Қазақстанда тіркелген шетелдік тілшілер. Сол пресс-конференцияда 3 тілде 30-дан астам сұраққа жан-жақты жауап берді. Яғни, Президент барлық жағынан, мейлінше ашық болды. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.
– Жалпы, Мемлекет басшысы осы баспасөз мәслихатынан бөлек төрт айда БАҚ-қа қанша сұхбат берді?
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы төрт айда шетелдік және отандық БАҚ-қа 10 сұхбат берді. Олардың қатарында Мемлекет басшысының лауазымына кірісе салысымен өздеріңізге, яғни «Egemen Qazaqstan» және «Айқын» республикалық газеттеріне берген сұхбаты, ресейлік «Коммерсант», «Российская газета» басылымдары, «Россия» телеарнасы, Өзбекстанның «УзА» ұлттық ақпараттық агенттігі, америкалық White House Chronicle телехабары, Wall Street Journal газеті, израильдік Israel Hayom басылымы, Euronews телеарнасы, Bloomberg агенттігі және белгілі ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбаттары бар. Соңғысы 21 шілдеде «31 канал» арнасынан фильм ретінде көрсетілді.
– Президенттің өз жұмысын өңірлерді аралаудан, жұртшылықпен жүздесуден бастағанын айттыңыз. Берік Уәлиұлы, барша журналистер қауымы осы сапарлар жөнінде алғашқы ақпаратты сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңыздан алып отырды. Әр ақпаратты Мемлекет басшысымен келісіп отырасыз ба, әлде шұғыл хабар тарату үшін өзіңіз де шешім қабылдай бересіз бе?
– Иә, жаңа айтқанымдай Президент 100 күнде емес, тіпті алғашқы екі айдың ішінде өңірлерді аралап шықты. Барған жерінің бәрінде жұртшылықпен кездесті. Қарапайым еңбек адамдары, кәсіпкерлер, бюджет қызметкерлері, жастар, бәрі де өз өңірінің дамуына аз болса да қолғабыс жасағысы келеді. Осындай маңызды кездесулер кезінде кейде Мемлекет басшысының бізге нұсқау, тапсырма беруге немесе біз таратқалы отырған ақпаратқа көз жүгіртіп шығуға қолы тие бермейді. Ондай жағдайда, әрине Президент Әкімшілігі Басшысының немесе бірінші орынбасарының келісімін алып жатамыз. Жауапкершілікті өз мойныма алуға тура келетін сәттер де болады. Қазіргі ең жедел ақпарат тарату құралы – әлеуметтік желілер. Сондықтан көп жағдайда ақпаратты әлеуметтік желі арқылы таратуға тырысамыз.
Мемлекет басшысы атап көрсеткен түйткілді мәселелердің шашауы шықпай, бұрмаланбай, елге шұғыл жетуін қамтамасыз етеміз, қадағалаймыз.
Мысалы, төтенше жағдай болған Арыс қаласына баратынын Президент екі кештің арасында айтты. Шамамен түнгі сағат 22:00-ге таяу Арысқа жеттік. Президент бірден арыстықтар орналасқан көмек көрсету штабына атбасын тіреді. Халықпен кездесті, пікірлесті. Осы сәтті біздің қырағы камераларымыз да қалт жібермей, түсіріп жатты. Өте жылдам әрекет ету керек болды. Мәселен, екі-үш нысанның арасы 15-20 минуттай ғана. Осы уақыт аралығында түсіріп алған бейнематериалды орталыққа жіберіп үлгермейсің. Оның үстіне қауіпсіздік үшін Арыста электр энергиясы сөндірілген, интернет өте әлсіз болды. Осындай кезде бар жауапкершілікті мойныма ала отырып, өзімнің ұялы телефоныма түсірген бейнематериалдарды әлеуметтік желіге әрең жүктеп, хабар таратуыма тура келді. Өйткені тек біздің әріптестеріміз – журналистер ғана емес, күллі жұрт Арысқа қарап алаңдап отырған болатын. Барлық сайттар, телеарналар менің сол материалымды бөлісіп, шартарапқа таратып жатты. Президенттің Арыстағы оқиға орнында болған сәтінен және Шымкенттегі ауруханада зардап шеккендермен кездесуінен түсірген фото-бейне жазбаларымды сол сәтте ғана 3 мыңнан астам адам әлеуметтік желіде бөлісті. Мұны не үшін айтып отырмын? Кейде осындай шапшаң шешім қабылдауға тура келеді. Бұл жалпы ел үшін керек. Олай жасамасақ, жағдай күрделене түсетін еді. Өйткені әлеуметтік желілерде әркім жағдайды сан-саққа жүгіртіп жатты. Ал бұндай жағдайда әбжіл қимылдау керек, бірақ ешқандай қателікке жол берілмейді. Яғни, оперативтілік жауапкершіліктен босатпайды. Бәрі қолмен қойғандай, көзбен көргендей анық, нақ болуы керек.
– Мемлекет басшысы алғашқы сапарын Түркістаннан бастады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, одан кейін киелі Маңғыстауға, Бекет атаның басына зиярат етті. Жалпы, еліміз киелі жерлерге кенде емес. Президент сол жерлердің бәрін аралап, бабалар рухына тағзым жасады. Шыны керек, бұған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы көбіне сыртқы саясатта, дипломатиялық миссиямен шетелдерде жүргендіктен, жұртшылық жалпы жақсы қабылдағанымен, ол кісіден дәл осындай қазақилық күтпеп еді…
– Иә, айтпақ ойыңызды түсіндім. Қазақ – ата-бабасының рухын қастерлеген халық. Мемлекет басшысы өзінің алғашқы сапарын Түркістаннан бастағанын нағыз түркілік ұғымнан туындаған дүниетаным деп айтуға болады. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының шетелде көп жүргенімен, ата-баба дәстүрін берік ұстанатынын және ұлттық рухы мықты екенін көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясатының салмағын қара нардай көтерген Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақы қалпынан еш айнымағанын, бабалар салған салтқа берік екенін білдіреді.
Мемлекет басшысы ретінде жауапкершілігі аса зор міндетті киелі жерлерге келіп, бабалар рухына тағзым етуден бастағаны – ізгіліктің белгісі. Осыған байланысты Президенттің «Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді» дегенін де білесіздер.
Киелі жерлері мен дана тұлғаларын ерекше қадірлей білген қазақ халқында «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – пір Бекет» деген ұлағатты сөз бар. ШҚО сапары барысында Жидебайға арнайы атбасын бұрып, Абай атамыздың басына барды, Алматыда Райымбек бабаға зиярат етті. Сондықтан Мемлекет басшысының еліміздің қасиетті жерлеріне зиярат жасап, айтулы тұлғаларына Құран бағыштап, халқының амандығы мен жұртының тыныштығын тілегені – өскелең ұрпаққа үлгі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыз. Сондықтан Президент аса үлкен лауазымды қызметке кірісер алдында осылайша бабалар рухына тағзым етіп, олардан рухани күш-қуат алған болар. Бұл әдептің дәстүрге айналуы түркілік тегіміз бен қазақы қанымыздың мықтылығын айшықтай түседі. Орайы келгенде айта кетейін, Мемлекет басшысы өткен Рамазан айында да мұсылман қауымымен бірге болып, мешітке барып, Құран оқытып тұрды. Яғни, қазақылық – Қасым-Жомарт Кемелұлының қанында бар қасиет.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделі зор. Тұңғыш Президентімізді күллі әлем қауымдастығы біледі, құрметтейді. Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кіріскен сәттен бері бірнеше мемлекетке сапармен барды. Жалпы, Қазақстанның жаңа Президентін шетелдіктер, оның ішінде әлемдік саясатқа ықпалы бар саясаткерлер қалай қабылдады?
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз – әлем қауымдастығына сыйлы, өте беделді саясаткер тұлға. Егемен еліміздің дүние жүзіне танымал болуы, өзге елдермен терезесі тең мемлекетке айналуы Елбасының еңбегі екені сөзсіз.
Елбасымен қатар еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыру, әлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең болуы жолында бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының да сіңірген еңбегін ешкім жоққа шығармас. Әлемдік қауымдастыққа да өте танымал және ықпалды саяси тұлға. Сондықтан жаңа Президентімізді әріптестері, басқа мемлекеттердің басшылары үлкен құрметпен қабылдады деп айта аламын.
Осы аз ғана уақыттың ішінде, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына ресми сапармен, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің саммитеріне қатысу үшін қырғыз еліне, одан әрі Тәжікстанға барды. Қай елде болмасын, өте жылы қабылдап, Президентімізге үлкен құрмет көрсетіп жатты. Бұл – біріншіден, әрине, Елбасының осыған дейінгі салған сара жолы, беделі, екіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдегі ең ірі, ықпалды халықаралық саяси ұйым – БҰҰ-ның Бас хатшылығында жоғары лауазымда болуы, Женевадағы бөлімшесін басқаруы – мұның бәрі оның жеке басының саясаткер ретіндегі абыройын, беделін көрсетсе керек.
Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында Астана экономикалық форумы, Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммиті, жақында ғана Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің жиыны өтті.
Осы жиындар қарсаңында шетелдік делегациямен жеке құрамда, кейін кеңейтілген құрамда кездесулер өтіп жатты. Сонда байқағаным, әр елдің делегациясын қабылдағанда әуелі қазақша сөйлеп, барлық мемлекеттік рәсімдерді толық сақтап отырды. Кейін олармен аудармашысыз-ақ, солардың тілінде еркін әңгімелескеніне куә болдым.
Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бес тіл білетінін елдің бәрі біледі. Бірақ бір күнде бес тілде сөйлегенін ешкім көрмеген шығар. Біз соны көрдік. Астана экономикалық форумына арнайы келген Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен қазақша бастап, сөзін қытайша жалғастырды. Одан кейін бұрын Францияның экономика және қаржы министрі болған, бүгінде Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагардпен французша тілдесті. Сондай-ақ форумға қатысушы шетелдік жетекші сарапшылармен өткен басқосуда ағылшын тілінде, ал Арменияның президенті Армен Саркисянмен және Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Грефпен орысша сөйлесті.
Ақыры орайы келгенде айта кетейін, Бішкектегі ШЫҰ саммитінен кейінгі қонақасы кезінде Қытай мен Үндістан мемлекет басшыларының ортасында отырып, бірімен қытайша, екіншісімен ағылшынша әңгімелесіп отырды. Ал өзге елдің басшылары аудармашы арқылы сөйлесіп отырғанын көрдік. Қазақтың «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін даналығы осы болса керек.
Осы маңызды халықаралық алаңдардың барлығы – мемлекетіміздің және ел Президентінің дүние жүзінің саяси элитасында алатын орнын көрсетеді деп ойлаймын.
Шетелдік әріптестері, жалпы шетелдік сары тісті саясаткерлер қалай қабылдады дегенге келсек…
Мысалы, сайлау нәтижесінен кейін Президенттің атына 134 елдің мемлекет және үкімет басшыларынан, 26 ірі халықаралық ұйымның жетекшілерінен құттықтау жеделхаттар келіп түсті. Олардың арасында Владимир Путин, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Эммануэль Макрон, Ангела Меркель, Тереза Мэй, Режеп Тайип Ердоған, Антониу Гутерриш, Дональд Туск, Пан Ги Мун және басқа да көптеген ірі саясаткерлер бар. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлын жеке танитын әлемдік тұлғалар да өз құттықтауларын жолдап жатты. Олардың бәрі де Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, достық байланыстарды тереңдетуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Яғни, Қасым-Жомарт Кемелұлының әлемдік саясаттағы, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өзі, еліміздің дамуына, елге инвестиция тартуда, шетелдік алпауыт компаниялармен серіктесіп жұмыс істеуде көп ықпалын тигізетініне сенімдімін.
– Елдер мен олардың президенттері арасындағы өзара ынтымақтастық, достық қатынастар өз алдына. Ал баспасөз хатшылары қаншалықты белсенді байланыс орнатқан? Сіз осы уақыт аралығында қай елдердегі әріптестеріңізбен қандай қарым-қатынастар орнатып жатырсыз?
– Жалпы, халықаралық қатынастардың өзі дипломатиялық байланыстардан бөлек, жеке адами қарым-қатынастарға тікелей байланысты. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының достық қарым-қатынастарға сүйене отырып, кезіндегі Ресейдің президенті Б.Ельцинмен, ҚХР және Өзбекстан басшыларымен шекара мәселесін ың-шыңсыз шешуі, сондай-ақ АҚШ-тың бұрынғы президенттері Дж.Буш, Б.Клинтонмен жақсы байланыстарының арқасында Қазақстанға АҚШ инвестициясының келуі секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көптеген елдер басшыларымен және халықаралық ұйымдар жетекшілерімен, жекелеген беделді саясаткерлерімен жеке таныстығы, достығы бір төбе.
Осы соңғы сапарлар барысында Ресей президентінің баспасөз хатшысы, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Песковпен, Өзбекстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары, баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Азиз Магруповпен, Беларусь президентінің баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонтпен, Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Толғонай Стамалиевамен, Тәжікстан президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзодамен жақын танысып, араласып кеттік. Бір-бірімізге хабарласып, мерекелерде құттықтап тұрамыз.
Баспасөз хатшылары арасындағы жақсы қарым-қатынас, ең алдымен, біздің жұмысымыздың тиімділігін, сапасын арттырады. Сондықтан әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Мысалы, Президенттің Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанның Өзбекстандағы жылының ашылу салтанатын әріптесім Азиз Магруповпен келісіп, 2 сағаттың ішінде іс-шараны біздің елімізде де көрсетуге мүмкіндік туғыздық.
Сол сияқты, бұрын екі ел басшыларының Мәскеуде өтіп жатқан кездесулерінен тікелей трансляция жасау болмаған екен. Әрине, тілшілер тікелей байланысқа шығып, репортаждар беріп жатады. Алайда, Президенттердің 1 сағатқа жуық баспасөзге арналған мәлімдемелерін тікелей көрсету жолға қойылмапты. Біз сол баспасөз мәслихатын республикалық «Хабар 24» арнасынан толық трансляция жасауға мүмкіндік алдық.
Содан кейін Қырғызстаннан ШЫҰ-ның, Тәжікстаннан АӨСШК-нің саммиттерінен тікелей қосылып, алқалы жиындардың жұмысын халыққа көрсеттік. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Мұның бәрі, ең бірінші кезекте президенттердің баспасөз хатшыларының ауызбірлігі, түсіністігі деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен күннен бастап баспасөз қызметінің әлеуметтік желілердегі белсенділігі айтарлықтай артты. Желі қолданушылар көптеген мәліметтерді жедел оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұл үрдіс немен байланысты?
– Дұрыс айттыңыз, Президенттің баспасөз қызметі бүгінде барлық танымал әлеуметтік желі платформаларында бар. Біріншіден, бұл – қазіргі уақыттың талабы. Мұнымен санаспауға болмайды. Екіншіден, Мемлекет басшысы 2011 жылдан бері Твиттер әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Женевадағы бөлімшенің Бас директоры қызметінде жүріп, «виртуалды желінің» мүмкіндіктерін кең пайдаланған. Бүгінде Мемлекет басшысының твитінде 130 мыңға жуық оқырманы бар.
Қазір Президент Твиттердегі парақшасынан еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге немесе оқиғаларға қатысты пікірін жазып, ұсыныстары мен тапсырмаларын беріп отыр. 280 таңбалы қысқа әрі нұсқа жазбаның ықпалы өте зор. Себебі қазіргі заман ұзақ-сонар баяндамаларды емес, мейлінше ықшамдылықты талап етеді. Сондай-ақ мұндай жұмыс стилінің басты ұтымды тұсы – уақыт үнемдейтіні. Президент үшін бұл – өте маңызды фактор. Себебі берілген тапсырманың дереу назарға алынып, қажетті шешімін табуы – басты мақсат.
Егер салыстырмалы түрде айтатын болсақ, әлемдегі Твиттер желісін ең белсенді пайдаланатын саясаткер Дональд Трамп екен. Оның өзі твитін тек ағылшын тілінде жазады. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде, яғни 3 тілде жазады. Біздің Президенттің осы артықшылығын кешегі фильмінде ресейлік журналист А.Пивоваров та атап өтті.
Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында, кейін өткізіп жүрген жиындарда да мемлекеттік органдардың барлық деңгейдегі бірінші басшылары әлеуметтік желілерге тіркеліп, сол арқылы жұмысты жеделдетуді, тиімділігін арттыруды тапсырып келеді.
Бұдан бөлек, сәуір айында Қасым-Жомарт Кемелұлының Инстаграмм желісінде ресми аккаунты ашылды. Қазір онда жарты миллионнан астам оқырманы бар.
Бұлар – Мемлекет басшысының жеке аккаунттарына қатысты. Сондай-ақ ресми Ақорда сайтынан бөлек, баспасөз қызметінің Фейсбуктегі, Твиттердегі және Инстаграммдағы аккаунттары жедел түрде соңғы жаңалықтарды таратып отыр. Бұлардың тағы бір жақсы жағы – ақпаратты жедел таратып қана қоймайсыз, бірден кері байланыс орнайды. Яғни, оқырмандар өз пікірін білдіріп қана қоймай, сауал жолдап, ұсыныстарын жаза алады.
– Берік Уәлиұлы, кері байланыс демекші, осыдан біраз бұрын akorda.kz ресми сайтында Президенттің виртуалды қабылдауы ашылды. Сол виртуалды байланысқа шығып, хат жазып, хабарласып жатқандар бар ма? Жалпы, оның тиімділігі қандай?
– Иә, биыл 22 сәуірде www.akorda.kz сайтында Қазақстан Республикасы Президентінің виртуалды қабылдауы ашылды. Оның негізгі мақсаты – азаматтардың жеке немесе түрлі қоғамдық мәселелерге қатысты өтініштерін қарау, Ақорданың қоғаммен тікелей диалог орнатуына жол ашу, ел ішінде болып жатқан оқиғаларды бақылап отыру және жедел шаралар қабылдау.
Виртуалды қабылдау ашылғалы, небәрі осы 3 айдың ішінде 1500-ге жуық хат келіп түсіпті. Оның жартысынан көбі қаралып, тиісті жауаптар берілді.
Ал оның тиімділігі туралы айтар болсақ, есіңізде болса, маусым айының соңында Президент табысы аз, әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың осы уақытқа дейін алған тұтыну несиелері мен олардың үстемелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл санатқа көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар кіреді. Олар – түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай қалғандар.
Ал бұл проблема қайдан шықты? Жаңағы айтып отырған Президенттің виртуалды қабылдауына ең көп жазылған мәселе осы кредит проблемасы екен. Сондықтан Мемлекет басшысы әлгіндей өтініштердің барлығын жинақтап, осындай шешім қабылдады. Күні кеше ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Президент мұның бір реттік акция екенін, қайта жалғасын таппайтынын ескертті. Міне, виртуалды қабылдаудың тиімділігінің нақты мысалы осы болса керек.
Президенттің виртуалды қабылдауына келіп түсетін әрбір өтініш міндетті түрде қаралады, оның бәрін бірдей Мемлекет басшысының қарауы мүмкін емес, ол кісінің басқа да шаруалары жетіп жатыр. Бірақ әр хатты Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, құзырлы органдар қарайды. Оларға жауап жазылуы, шешім қабылдануы – Президенттің жеке бақылауында.
– Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болу – тарихи оқиға. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес екені түсінікті. Жалпы, Президенттің баспасөз хатшысы қандай болуы тиіс?
– Иә, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы болу – мен үшін, шын мәнінде, тарихи оқиға. Қасым-Жомарт Кемелұлы жауапкершілігі аса зор осы міндетті маған сеніп тапсырды. Президенттің сенімін ақтау үшін және елге, мемлекетке қалтқысыз қызмет ету үшін, журналист әріптестерімнің де көңілін қалдырмай, мейлінше ашық болуға тырысып, бар күш-жігерімді салып жұмыс істеп жатырмын.
Баспасөз қызметі – Қазақстан Президентінің атқарып жатқан қызметінің айнасы. Мемлекет басшысының ақпарат кеңістігіндегі негізгі сенімді өкілі болғандықтан, баспасөз хатшысының жауапкершілігі өте жоғары. Қателесуге жол жоқ. Сондықтан баспасөз хатшысы осындай талаптарға сай болуға ұмтылуы тиіс.
– Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Кемелұлының 5 тіл білетінін айтып өттіңіз. Президент көп жерде қазақша сөйлеп жүр, дегенмен былайғы жұрт ол кісіні орыстілді деп ойлайды. Мемлекет басшысы қазақтілді БАҚ-ты оқи ма?
– Әрине «Egemen Qazaqstan», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерін күнделікті оқиды. Олардан басқа «Ана тілі», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Алматы ақшамы» секілді апталықтарды қарап, бақылап отырады. Егер жақсы мақалалар, сұхбаттар шықса, асықпай оқып, астын сызып, тіпті кейбіріне қатысты бұрыштама соғып жатады. Мерзімді басылымдарға шыққан сыни немесе проблемалық мақалаларды оқып, құзырлы органдарға арнайы тапсырмалар беретін кездері де болады.
Қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеретін телехабарларды көріп, әлеуметтік желі арқылы өзінің пікірін білдіріп отыратынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Мәселен, өзім жүргізген «1-студия» саяси ток-шоуына қатысты кезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы твит жазып, жылы лебізін білдірді. Бұл ұжым үшін үлкен қуаныш болған еді. Сол сияқты ұлттық арнадағы «Дара жол» бағдарламасына да ықыласын білдіріп, шығармашылық ұжымға және журналист Дана Нұржігітке алғысын білдірген болатын. «Таңшолпан» бағдарламасының да тұрақты көрермені. «Шалқар» радиосын үнемі тыңдап отырады. «Нағыз қазаққа жақын әңгімелер айтылады» деп пікір білдіргені есімде.
Яғни, қазақ газеттерін оқиды, тележобаларды қарайды, қазақ радиохабарларын тыңдайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Серік Әбдібек,
«Egemen Qazaqstan»