24 маусымда орын алған төтенше жағдайдан кейінгі Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Еліміздің барлық өңірінен келген әкімдік қызметкерлері мен құрылысқа көмек қолы әр секторға бөлінген тірліктің ауқымын біркісідей атқарып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы шығар. Халықтың ауызбіршілігі мен береке-бірлігі осынау игілікті істен самсап тұр. Мейірімділік пен ырысты ынтымақтың куәсі болудамыз. Арыс тұрғындарының бастан өткерген апатты жағдайын көтере білген әр өңір азаматтары қолдан келген көмегін аямауда. Айналасы аз ғана уақыт ішінде жамбылдықтардың жасаған жасампаз ісі жергілікті жұртты қуантты. Өйткені, 6 баспананың жөндеу жұмыстары аяқталып, үй иелері құтты қонысының табалдырығын аттады. Балалардың шат-шадыман күлкісі, үлкендердің көңіліндегі жарқын бейне — барша қауымның қуанышына ұласты.
Қазіргі таңда жамбылдық 16 құрылыс компаниясының 220 құрылысшысы өзіне тиесілі сектордың 327 үйін қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың айтуынша, 327 баспанаға 1 млрд. 200 млн. теңге көлемінде зақым келген. Алдағы аптада тағы 10 үйді тапсыру жоспарланып отыр.
Осылайша, Жамбыл облысы өз құзыретіндегі 11 көше үйлерінің қайта қалпына келтіру жұмыстарын 1 ай ішінде толықтай аяқтамақ.
«Айғақ-Ақпарат»