Арыс қаласында орын алған апатқа байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер жөнелтілуде. Түркістан облыстық баспасөз қызметінің таратқан соңғы ақпаратына сәйкес, қорға түскен қаражат көлемі 225 млн.теңгеге жетті.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында 15 эвакуациялық орталық жұмыс жасап жатыр. Гуманитарлық көмектер мегаполистегі «Көрме» орталығына және логистикалық кешенге жинақталуда. Алғашқы болып, көрші жатқан Жамбыл жұртының гуманитарлық көмегі жеткізілді. Әулиеата жерінен келген арнайы қоғамдық штабты «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы күтіп алып, ақпараттық қолдау көрсетті.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей басшылығымен құрылған жасақтардың алғашқы легін облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шөкеев бастап келді.
Арыстық ағайынға жолдаған Жамбылдық жұрттың гуманитарлық көмегінің алғашқы легінің тізімінде:
10 тонна — ұн,
10 тонна — қант,
2,1 тонна — ет,
600 кг — шұжық,
3,2 тонна — макарон және тәтті күлше өнімдері,
2 тонна — көкөніс,
2,3 тонна — сүт өнімдері,
1,5 тонна — бөлке нан,
1 тонна — су,
18,5 кг — жұмыртқа, сондай-ақ, төсеніштер мен тұрмыстық гигиеналық заттар бар.
«Айғақ-Ақпарат»