Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік сауда орталығының капсуласын салу рәсімі өтті.
Дүниежүзілік сауда орталығы ғимараты ЭКСПО қалашығының маңында бой көтереді. Оның биіктігі 150 метрге жуықтайды, ал аумағы 2 гектар шамасында болады деп жоспарланған. Жобаның құны 200 миллион долларды құрайды. Нысанның сәулетші-дизайнері Кеннэт Брюс Джеймс Андерсон. Зәулім кешен келешекте қала тұрғындары мен шетелдік туристердің сүйікті орнына айналары анық.
Нью-Йорк, Амстердам, Токио, Сеул мен Дубай сынды қалаларда World Trade Center ғимаратының әлемдік желілері бар. Енді бұл қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан да қосылады.
Бүкіләлемдік сауда орталықтары қауымдастығы — халықаралық, саяси емес ұйым және халықаралық сауда мен инвестицияларды дамытуға ықпал ететін жаһандық брендтердің бірі. WTCA штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан.
Дүниежүзілік сауда орталығы жобасын Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы мен «Nest Investments Holdings» компаниясы ұсынған. Нысан толықтай шетел инвестициясы есебінен қаржыландырылады. Инвестор – «Nest Investments Holdings» компаниясы.
Биылғы жылдың қаңтар айында Елбасына Дүниежүзілік сауда орталығы жобасы таныстырылған болатын.