2012 жылы қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жерленген жері Үндістанның Кашмир штатынан дайындалған деректі фильм естеріңізде болар…
Гималай тауларының етегінде орналасқан Сринагар қаласындағы “Мазар-и-Салатдинде” жаны мəңгілік жай тапқан Мұхаммед Хайдардың қаны тамған Ұра-Төбе туралы айтатын боламыз енді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында “Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл маңызды жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауы тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет” деген еді. Елбасымыз осылайша төл тарихымыз бен мәдениетімізді жіктей келе тарихи сананы жаңғырту мәселесіне баса назар аударған болатын.
Ұра-Төбе тарихи деректерге сүйенсек, Орта Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Тіпті, мұндағы тіршілік біздің заманымызға дейінгі ерте ғасырлардан бастау алуы бек мүмкін. Өйткені, осы аймақтан табылған ескі заттар сол ежелгі дəуірдің еншісіне тиесілі.
“Ұлы бабалар ізімен…” жобасының идея авторы Дулат Əбіш Елбасының курстасы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Аманəлі Əбдіраманов, Оңтүстік Қазақстан облысының “Құрметті азаматы”, “Құрмет” Орденінің иегері Əтірхан Шыңғысбаев, жазушы Оралхан Бөкейдің досы Нұрахмет Шабатаев, өнертанушы Бегалы Рысбеков, ШҚО Қатон-Қарағай ауданының “Құрметті азаматы” Ғани Шаймардановтармен бірге бүгінде Истаравшан аталатын өлкеге ұлы бабаның ізімен арнайы бармақ. Имам Орал Қайсар Құран аяттарын түсіріп, бабалар рухына тағзым жасалады.