«Талдықорған — Қалбатау – Өскемен» автожолында қос жол айрығы салынады және 20-дан астам көпір қайта жаңартылады, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.
«Қайта жаңартудан кейін автомобиль жолының 31 шақырымы I-ші «б» санатына, ал қалған 282 шақырымы ІІ санатқа келтіріледі. Бұл учаскеде екі деңгейлі қос жол айрығы салынады, 21 көпір мен 404 су өткізу құбыры қайта жаңартылады», — делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Ұлттық компанияда нақтылағандай, қазіргі уақытта Талдықорған қаласынан Өскеменге дейін ұзындығы 313,5 км құрайтын автожолды қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
«Бас мердігер CITIC Construction Co, LTD компаниясы болып табылады. Бүгінде жолшылар айналма жолдарды салу жұмыстары жүргізуде. Негізгі көлік жолының өсімдік қабатын алу, ескі жол жабындысын фрезерлеу жұмыстары басталды, су өткізгіш құбырлары орнатылуда. Бұдан басқа құм, битум және темір бетон бұйымдары дайындалуда», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖолдан».
Хабарда атап өтілгендей, аталған автожол учаскесі Алматы облысы Алакөл көлінің туристік кластеріне енген. Былтыр жолдың осы бөлігінен 1,2 млн. отандық және шетелдік турист өткен.
«Ағымдағы жылы 1,5-1,8 млн. адам көлемінде турист жүреді деп күтілуде», — делінген хабарда.