БҰҰ Балалар қорының Қазақстан Республикасындағы өкілі Юрий Оксамитный және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздегі балалар мен әйелдердің құқығын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісімге сәйкес, ЮНИСЕФ пен Түркістан облысы балалар мен аналардың денсаулығын жақсарту, балаларға арналған инклюзивті және қауіпсіз ортаны құру, позитивті ата-аналық принциптерін қолдана отырып, отбасы институтын нығайту сияқты салаларда тығыз жұмыс істейтін болады.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ЮНИСЕФ-ті ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, көтеріліп жатқан мәселердің маңыздылығын айтып өтті.
«Бала денсаулығы, білім беру, мемлекеттің адами капиталын қолдау, көпбалалы отбасылардың әл-ауқаты — өте маңызды мәселелер», — деді Өмірзақ Шөкеев.
Әкім, сонымен қатар, бірқатар бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Балалрға қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу туралы тәжірибесімен бөлісуге ЮНИСЕФ сарапшыларын шақырды.
БҰҰ Балалар қорының Қазақстан Республикасындағы өкілі Юрий Оксамитный аймақтың және елдің күрделі мәселерді шешуге және бірлескен шешімдерді табуға дайын екендігін құптады.
«Меморандум ЮНИСЕФ-тің өңірмен ұзақ мерзімді ынтымақтастығына жаңа серпін береді. Бүгін біз бала кездегі ауруларды ықпалдастыра жүргізу ресурстық орталығын ашамыз. Бұл — біздің заманауи оқу орталығы, патронаждық медбикелердің әмбебап-прогрессивті моделі, жүкті әйелдер мен балалы отбасыларға көмек көрсетуді бақылау мен реттеу орталығы ретінде басқа аймақтарға үлгі бола алатын ортақ бастамамыз», — деп атап өтті Юрий Оксамитный.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау, білім, балалардың дамуына арналған қауіпсіз ортаны құру туралы бастамаларын қолдайтынын сөз етті. ЮНИСЕФ Қазақстандағы әрбір баланың қамы мен құқықтарын қорғауға арналған нақты жобаларды жүзеге асырады.
ЮНИСЕФ серіктестерімен бірге 190-нан астам ел мен аймақта жұмыс істейді. Ерекше күш-жігер ең осал балаларға қол ұшын беруге бағытталған.
ҚазАқпарат.