Тараз қалалық мəдениет үйінде басталған əкімнің есеп беру жиынына келген тұрғындардың қатары көп. Дамудың даңғыл жолына түскен Əулиеата жеріндегі айтулы жоспарлармен танысу үшін арнайы келген.


Шындығын айту керек, əкімдердің алғашқы есебі басталған жылдары мемлекеттік мекеме қызметшілері мен мектеп мұғалімдерін шақыртып, халыққа толтырып қоятын. Қазір керісінше! Есеп болатынын естігеннен-ақ, жамағат өзі жиналады. Жалпы жұрттың пікірін біліп, түркістандықтарға көрші жатқан Тараздағы ілкімді істермен танысуға «Айғақ» арнасының түсірілім тобы да келді.

Тараздың əкімі Ғалымжан Əбдірайымов 2018 жылдың əлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы аясында, өткен жылдың еншісінде кеткен жұмыстардың ретін сараптап жатыр. Атқарылған тірліктер бар. Халықтың негізгі мəселелерін шешу — күн тəртібінде. Ашығын айтып, анығын басқан əкімнің жұмысы жұрт алдында жариялы. Өйткені, барлығын БАҚ арқылы баяндап, қала тұрғындарымен жиі жүздесіп тұрады.

Өткен жылы өзіміз куə болған Жамбыл облысының əкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен құрылған Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы жəне Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ, «Желтоқсан» аллеясы, теміржол бекеті алдындағы «Көне Тараз» сквері, «Үшбұлақ» каналының жағалауы, «Достық» алаңындағы жəне облыстық əкімшілік алдындағы субұрқақтары, «Жамбыл » ескерткішінің орнын ауыстыру, жаңартылған шаһар да — Тараздың сəулеті мен келбетіне көрік қосты.

2018 жылы өнеркəсіп кəсіпорындарымен 238,5 млрд теңгеге өнім өндірілген. Өткен жылмен салыстырғанда 8,1 млрд. теңгеге артығымен орындалған.