Отбасы уақытша баспанада төрт жыл тұрып келген. Жанұяда жетеу. Оқиға болған күні ата-анасының екеуі де үйде болмаған. Tengrinews.kz тілшілері оқиға орнында болып, қайтыс болған бес баланың жақындарымен сөйлесті.
Отбасы Көктал-1 тұрғын алабындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан үйде тұрған. Бұл шағын баспана болған, алайда отбасы осы үйде төрт жыл бойы тұрып келген. Жанында бірнеше осындай үй бар. Онда отбасының туыстары тұрады. Үйде көмір пеші жағылатын болған. Туған-туысқандарының айтуынша, бұрын-соңды пештен қиындық көрмеген, олардың үйінде де осындай пеш тұр екен. Қазіргі уақытта жақындары қайғыдан қан жұтқан ата-ананы қолдау үшін және бес баланы жерлеу үшін жиналған. 5 қаңтарда Астанада жерлейді.
Қайтыс болғандардың барлығы — қыз балалар, үлкені таяуда 13-ке толуы керек болған, кенжесі — үш айлық. Туыстарының айтуынша, балалардың анасы бөлшектеп өлшеуші болып жұмыс істейтін және сол күні ол түнгі ауысымда істеген. Әкесі балаларымен бірге болған, бірақ оны дереу жұмысқа шақыртқан. Ол көлік жөндеу станциясында моторист болып жұмыс істейді екен. Соңғы рет олар пешті түнгі екі шамасында тексерген, барлығы да дұрыс болған және үйде жарық жанып тұрған. Ал түнгі үште алапат өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнынан жеті минутта келгеніне қарамастан, үй түгелдей жанып кеткен — ағаш бөренелер, қаптама, барлық жиһаз және техника. Тек кірпіш қабырғалар қалған. Құтқарушылар өртпен 40 минут бойы арпалысқан. Үйлердің бір-біріне жақын орналасуына байланысты, өрт көрші үйге көшпеуі үшін алдын алу шаралары жасалған. «Біз мұнда байбалам салдық. Өрт сөндірушілерді барлығы шақырды. Өртті көргендердің барлығы шақырды. Бірінші болып кім шақырғаны белгісіз», — деді отбасының туысы. Қайтыс болған балалардың ата-анасы үйінде жоқ, қазіргі уақытта олармен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндірушілердің мәліметінше, 2018 жылы елордада 669 өрт болған. Соның салдарынан 10 адам қаза тапты. Оның ішінде бір бала бар. 2019 жылдың басынан 69 өрт шықты. Қайтыс болған бес қыз — биыл өрттің бірінші құрбандары.
Өрттен бес бала қаза тапты: Қала әкімі шұғыл жиын өткізді
Жылыту маусымы аясында Департаменттің инженерлік-инспекторлық құрамы аталған мекенжай бойынша тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздік қағидаларын түсіндірумен және профилактикалық жаднамалар таратумен рейдтік шараларын жүргізді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті жазатайым жағдайларды болдырмау үшін абай және сақ болуыңызды сұрайды.
• Ақауы бар немесе қолдан жасалған электр жабдықтарын пайдаланбаңыз, қосулы тұрған электр жабдықтарын қараусыз қалдырмаңыз;
• Жыл бойы кемінде үш айда бір рет , сондай-ақ жылыту маусымы алдында пеш пен түтіндікті күйеден тазалаңыз;
• Жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз, жас балаларға жанып жатқан пешті қарауды тапсырмаңыз;
• Үй ауласындағы аумақтарды таза ұстау, қоқыстар мен қалдықтарды жақпау, ыстық көмір мен күлді құрылысқа жақын төкпеу;
• Заттарды, киімдерді пешке жақын кептірмеңіз;
• Балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмаңыз.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz
Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметі