Күні кеше Қазақстан Республикасы Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Алғашқы кездесуін «Казфосфат» ЖШС-ның жұмысшыларымен бастаған Нұрлан Зайроллаұлының кездесуі М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жастар қоғамының өкілдерімен жалғасты. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды қабылдады.
Жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин алдымен «Қазфосфат» ЖШС-нің Жаңа Жамбыл фосфар зауытына ат басын тіреді. Зауыттың №16 жөндеу-механикалық цехына бас сұққан мәжіліс төрағасына серіктестік басшысының орынбасары Нүрзия Лесбекова кәсіпорынның жұмысы туралы жан-жақты баяндады. Ол өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен қол жеткен жетістерге тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сондай-ақ, Нұрлан Зайроллаұлы жұмысшылармен кездесіп, Елбасы Жолдауы, ондағы басым бағыттар мен міндеттерден туындаған мүмкіншіліктер туралы әңгімеледі. Кездесуде кәсіпорын жұмысшыларының жалақысының өсуі, «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болуы секілді бірқатар нәтижелі шаралардың орындалу барысы айтылды.